Қосағалы батыр кесенесі
Киелі жердің орналасқан жері: Ақмола облысы Зеренді ауданы Азат тауында орналасқан.
Киелі жер жайлы ақпарат: Қосағалы батыр Төлекұлы (1740-1813) Көкшетау өңірінің тумасы. Орта жүздің ханы Уәлидің заманында өмір сүрген. Қазақтың белгілі күйшісі Дәулеткерей өзінің «Қосағалы» атты күйін арнаса, Ақмола-Көкше аймағында оның атымен аталатын жер, су атаулары да кездеседі. Қосағалы батыр зиратының басына жер-жерден тәу етіп келушілер де жеткілікті.
Қазіргі таңда, Қосағалы батырға мазар тұрғызылды. Аталған жер жергілікті адамдар мен облыс қонақтары үшін, қажылық орны болып саналады.
Қосағалы батыр өзінің ата - бабалары сияқты бойы - 276 см алып денелі батыр болған. Оның жерлеу орны- 4 метрді құрайды. Маңдайшасындағы жазу- арабша, қабір басындағы жазуы екі тілде: қазақ және орыс тілінде : «Руы Жақсылық Қарауыл», «Богатыр Қосағалы Толеков».
Шағалалы өзенінің тауды айналып өтетін тұсында Жақсылық Қарауылға жататын «Сай» ауылынан тараған «Жалғыз қарағай», «Қырдағы ауыл», «Былқылдақ», «Талдағы ауыл», «Өзен қарағай» дейтін ауылдардың соңғысын Қосағалы батыр мекендеген.
Қосағалы батыр, Арғын руы Қарауылдың Жақсылық тармағынан тарайтын Баянұлы Байтөлектің баласы. Танымал журналист-жазушы Тортай Садуақасовтың 2004 жылы жарық көрген «Ел мен жер» кітабындағы шежіреде: Қарауылдан төмен Мәшек атасынан – Есенбай-Әлімбет-Жақсылық-Баян-Төлек-Қосағалы-Байбол-Күлес-Жәулә-Есқақ-Қабдолла болып ұрпақтары одан әрі жалғаса береді. Батырдың әкесі Төлек, басына тоғыз мың жылқы біткен бай болыпты. 1723-1730 жылдардағы «Ақтабан шұбырындыда» жадап-жүдеп осы жаққа жеткен қандастарымызға мал, жер беріп көмек көрсеткен атымтай жомарттығына сай ел-жұрт оны Баянұлы Бай-Төлек атап кеткен дейді.
Қосағалыны өз тұсында Омбы шекпенділерінің шенеуніктері, татар байлары да танып, сыйласып, онымен санасқан. Оған Омбы губернаторы тарапынан «Алтын тон» аталатын оқалы шапанның тарту етіліп, бұл жәдігөй жұрнағының күні кешеге дейін батыр ұрпағы Дәкен Боқанов ақсақалдың үйінде сақталып келгендігі дәлел.
Жергілікті өлкетанушы: Дәкен Бұқанов
